СҚО әкімдігінде өткен инвестфорумда белгілі болғандай, соңғы 5 жылда бюджеттік құрылысқа жұмсалған қаржы 3 есе артқан, 2017 жылы 9 млрд теңге бөлінсе, былтыр 29 млрд теңге игерілген. Биыл да құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр, 401 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілуі тиіс.
«Петропавлдағы Жас Өркен, Береке және Уәлиханов көшесінде көп қабатты үйлер салынады. Реновация бағдарламасы аясында 2019 жылдан бері жеке сектордағы 1700 ескі, апатты жағдайда тұрған үйлер сүрілді. Биыл 117-сі бұзылады.
Копай шағын ауданын жаңғыртамыз. Бұл жерде кешенді құрылыс басталып, 27 көп қабатты үй тұрғызылады. 2800 пәтер салынып, 10 мыңға жуық адам тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алады», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
СҚО-да коммерциялық баспана құрылысы да қызған. Былтыр 23 үйдің құрылысы басталса, соның бесеуі қолданысқа берілді. Биыл 27 көп қабатты үй салынып жатыр, оның 19-ында тұрғындар биыл қоныс тойын тойламақ.
«Жеке тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалмайды. Қазіргі уақытта «Солнечный-2», «Южный» шағын аудандарында учаскелерге су электр желісін тартып жатырмыз. Жолдар салынады. Нәтижесінде үй салу үшін жер кезегінде тұрғандарға 3 мың учаске беріледі», - деді Құмар Ақсақалов.
Петропавл қаласы бойынша 11 800-ден астам адам жеке тұрғын үй салуға жер учаскесіне кезекте тұр. Араларында 2003 жылдан бері тұрғандар да бар.