Жылу желілерін жоспарлы тексеру биыл 28 мамырдан басталды. «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС мамандары магистральдық және тарату құбырларын кезең-кезеңімен тексеріп, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізді.
— Гидравликалық сынақтар — бүкіл жылу жүйесіне жүргізілетін қатаң стресс-тест. Біз қысымды әдейі жоғарылатып, жүйедегі әлсіз жерлерді анықтаймыз. Мұндай ақауларды жазда жөндеген әлдеқайда тиімді, өйткені олар қыс мезгілінде үлкен мәселелерге әкелуі мүмкін. Анықталған барлық кемшілік толықтай жойылады. Қала тұрғындарына түсіністік танытып, сабырлық сақтағандары үшін алғыс білдіреміз, — деді «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС директоры Виталий Холоша.
Сынақ жұмыстары жүргізілген кезеңде қала бойынша ыстық су беру уақытша тоқтатылды. Жалпы алғанда, сынақ кезеңінде 1607 нысан ыстық судан ажыратылды. Оның ішінде 984 көпқабатты тұрғын үй, 234 жеке тұрғын үй, 253 заңды тұлға және 136 әлеуметтік нысан, оның ішінде мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер бар.
11 маусымнан бастап гидравликалық сынақтан сәтті өткен желілерге қосылған нысандарды ыстық сумен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен қайта басталады.
Ал тексеру барысында ақау анықталған учаскелерде жөндеу жұмысы басталады. Осыған байланысты 287 нысанға ыстық суды беру тағы да кешеуілдемек.
Кәсіпорын мәліметінше, барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Сынақтар жүргізілген кезеңде қызметкерлер мен қала тұрғындары арасында ешқандай жазатайым оқиға тіркелген жоқ.
Бұған дейін Екібастұздың ірі электр станциялары қысқа дайындалып жатқанын жазған едік.