Пәтер кілтін сәуір айында алуы тиіс тұрғындардың қоныс тойын қашан тойлайтыны белгісіз.
Дана Салықованың жолдасы әскери қызметші. Жас отбасы бүгін-ертең жалға алып тұрып жатқан пәтер үшін 150 мың теңге төлеуі керек. Бірер күннен кейін банкке 335 мың теңге төлем жасауы тиіс. Маусым айында «Анель-2» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтерді ипотекаға алған олардың енді өз баспаналарына қашан кірері белгісіз.
- Мердігер компания әне-міне деп созып алды. Салынған үйде айтарлықтай проблема жоқ. Тек толық аяқтамай жатып берген. Салдарынан біз кіре алмай отырмыз. Ол компанияның бұдан басқа салып жатқан нысаны бар. Бар құрылысшылар қазір сонда жүр. Ал біздің үйге уақыттары жоқ, - дейді Дана Салықова.
Күнде «ертеңнен» шаршағандардың бірі – Айна Сербаева.
Қала тұрғынының айтуынша, «ТехЕвроСтрой» құрылыс компаниясымен 2025 жылдың қыркүйегінде келісімге отырған. Мердігер 2 бөлмелі пәтерді толық дайын күйінде беруге уәде еткен.
- Мен екі бөлмелі пәтер үшін қолма-қол төлем жасадым. Компания баспананы ресми түрде сәуірде беруі керек екен, бізге қаңтар айында пайдалануға береміз деп айтты. Құрылыс жақсы жүріп жатты, сол себепті осы үйді таңдадық. Бірақ барлығы бұл компания Болатбаев көшесінде жаңа нысанның құрылысына кіріскенде өзгеріп сала берді, - дейді Петропавл тұрғыны.
Айна Сербаеваның айтуынша, тұрғын үйдің құрылысын толық аяқтауды талап еткен оларға кәсіпкер дөрекі сөйлеген.
- Жаман сөздер айтты. «Ақшаларыңды қайтарып алыңдар, мен ешкімнен де, прокуратурадан да, әкімдіктен де қорықпаймын» деді.
Ал көктемде мәмілеге отыруға шақырды. Нотариус үйдің құжаттары дайын деді. Не кәріз, не сумен қамту жүйесі жоқ, қалай құжат алдыңыз деп сұрағанымда, тағы да тіл тигізді.
-Кейін «күтіңдер, жұмысты аяқтаймын» деп айтты. Күтер едік, бірақ құрылыс алаңында ешкі жоқ қой, - дейді Айна Сербаева.
Тұрғынның құрылыс сапасына да көңілі тоймайды.
Ал құрылыс компаниясы өкілі Илья Шиманскийдің түсіндіруінше, нысанның уақытында аяқталмауына қаржылық мәселелер себеп болған. Компания жұмысты жандандыру үшін жұмысшылар санын көбейтпек. Қазір үйдегі жұмыстардың шамамен 10% аяқталмаған. Негізінен пәтерлердің ішкі әрлеуі мен аумақты абаттандыру жұмыстары қалған.
Десек те, құрылыс компаниясы үйдің аяқталуына қатысты нақты мерзімді атаған жоқ.
Бұған дейін Қазақстанда 43 мыңнан астам кәмелетке толған жетім баспана ала алмай отырғанын жазған едік.