Петропавлда 63 адам маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл полицейлері жыл басынан бері 63 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделуге жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда спирттік ішімдікті ішу барысында 22 адам ауыр дене жарақатын алған.

Жалпы жыл басынан облыс орталығында алкогольдік мас күйде жасалған 190 қылмыс тіркелген. Бұдан бөлек, отбасылық жанжалдардың басым бөлігі «ащы судың» кесірінен болады, қаңтар айынан облыс орталығында осындай мыңға жуық жанжал тіркелген. Қала көшелерінде 206 мас жүргізуші ұсталған, олардың әрқайсы жол-көлік оқиғасына себепші болуы мүмкін.

Учаскелік полиция инспекторлары қылмыстың алдын алуда спирттік ішімдікке тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу шарасын қолданады.

«Спирттік ішімдікті асыра ішу – қылмыстардың жасалуына түрткі болатын факторлардың бірі. Сондықтан отбасында арақ ішетін адам болса, оны емдетпей үйдің берекесі болмайды. Алдымен маскүнемнің жақындарына емханаға өтініш жазу керек. Туыстары маскүнемнің түзелем деген уәдесіне біразға дейін сеніп, бұл қадамға бара қоймайды. Учаскелік инспекторлар туыстарына маскүнемді емге жіберу рәсімін түсіндіріп, медицина қызметкерлеріне көмек көрсетеді. Жыл басынан Петропавлдан мәжбүрлеп емделуге 63 адам жіберілді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.

Петропавл полицейлері биыл спиртті заңсыз сатқаны үшін 65 адамды, алкогольді түнгі уақытта, лицензиясыз, кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін 27 дүкен иесін жауапқа тартты. Спирттік ішімдікті ішкені немесе қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін 3 700 адам жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 15 мың литрден астам алкоголь алынды.