Петропавлда адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот басталды

Петропавлда адам өліміне әкелген жол апаты бойынша сот басталды

Сотталушы - 27 жастағы Илья Старухин. Ол Қылмыстық кодекстің «Көлікті басқарған адамның жол-көлік ережелерін бұзып, абайсызда адам денсаулығына орташа зиян келтіру және адам өліміне себеп туғызу» және «Көлік құралын жүргізген адамның жол-көлік ережелерін бұзып, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» қылмыстық баптары бойынша айыпталып отыр.

Сол күні таңертең И.Старухин мас күйінде көлігінің жылдамдығын асырып, екі жаяу жүргіншіні - 22 жастағы Татьяна Балабан мен 25 жастағы Ксения Овсянникованы қағып кетті. Алған жарақаты салдарынан Ксения Овсянникова бірнеше күннен соң ауруханада көз жұмды. 

«Старухин жаяу жүргіншілерге көмек көрсетуге мүмкіндігі болса да, қылмыстық жауапкершіліктен қашу мақсатымен жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған», - деп оқыды прокурор Асхат Акин.

Сотталушының өзі сол кезде мас болғанын мойындамай отыр.

Сот отырысында сотталушының қорғаушысы Константин Дарий жәбірленуші Татьяна Балабанның тараптардың татуласуына байланысты оның эпизоды бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішін ұсынды. Т.Балабан өзіне қатысты материалдық және моральдық шығын толық өтелгенін атап өткен. Бойжеткен сот залына келген жоқ, дегенмен, сот жәбірленушінің келесі сот отырысына қатысуын жөн деп санады.

Қайтыс болған К.Овсянникованың 2 жасар баласының мүддесін қорғап жүрген бұрынғы күйеуінің И.Старухинге талабы жоқ. Оның айтуынша, сотталушының туыстары жәбірленушінің қызына материалдық және моральдық шығынды өтеп, болашақта көмектесуді уәде етті. Ер адам азаматтық қуынымнан бас тартып, Старухинге бас бостандығынан айыру жазасымен байланысты емес жаза беруін сұрады.

Алайда К.Овсянникованың екі туған әпкесі - Татьяна Попова мен Людмила Волвенконың ойы басқа. Олар сотталушы ең қатаң жазаға тартылуы тиіс деп санайды. Олар материалдық шығынды 984 мың теңгеге, ал моральдық шығынды - әрқайсысына 5 млн теңгеге бағалап отыр.

«Ксения дүниеге келгенде, мен 9 жаста едім. Оның тәрбиесіне атсалыстым. Анамыз қайтыс болғанда, Ксения да 16 жаста болған, әпкем екеуіміз анасының орнын бастық. Тәтеміз бізге қамқоршы болды. Біз Ксенияны қашанда қолдап жүрдік. Бұл оқиға туралы әпкемізден естідім. Ксенияның сол кезде және сол жерде болуы - әдеттен тыс жағдай», - деді Т.Попова.

Сот қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауы тиіс. Келесі отырыс 2019 жылдың 9 қаңтарында өтеді. Еске сала кетейік, жол-көлік оқиғасы ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде, таңғы сағат 4:30-да, түнгі клубтың жанында болған. «Лексус» көлігінің жүргізушісі екі бойжеткенді көлікпен қағып кеткен. Жәбірленушілердің бірі бірнеше күннен соң ауруханада көз жұмды. Ал жүргізуші оқиға орнынан ізін жасырып, елден кетіп қалғаны хабарланды. Кейін құқық қорғау органдары күдікті азаматтың тергеу оқшаулағышына қамауға алынғаны туралы хабарлаған.