Петропавлда ағаш көмір өндіретін заңсыз цех анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзушыларды анықтауға бағытталған шараларды күшейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аңшылық маусымында бүкіл өңір аумағында тұрақты рейдтер жүргізілетін болады. Ұтқыр топтар құрылып, оның құрамына полиция қызметкерлері мен орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қызметкерлері кірді. Негізгі назар экологиялық қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды анықтауға бағытталатын болады.

«Петропавлдың өндірістік аумағынан полиция қызметкерлері ағаш көмірін өндіретін шағын зауытты анықтады. Жауапты тұлғалар кәсіпорынның қала аумағындағы қызметіне рұқсат құжаттары мен лицензияларды құқық қорғау органының қызметкерлеріне көрсете алмады. Аталған факті бойынша бірнеше сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады», - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, жыл басынан бері табиғатты қорғаумен айналысатын солтүстікқазақстандық полиция қызметкерлері 550-ден астам түрлі құқықбұзушылықты анықтаған болатын. Оның 192-сі балық аулау, ал 300-і аңшылық ережесімен бұзумен байланысты болып отыр.

Естеріңізге салайық, суда жүзетін құстарға аңшылық маусымы өңірде 1 қыркүйекте басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің мәліметінше, күзгі-қысқы аңшылық маусымында сүтқоректілердің - 34, құстардың - 59 түрін аулауға рұқсат беріледі.

Қыркүйек айынан бастап марал, аю, сібір тау ешкісін, сібір елігін, қабанды, шілді, қарабауыр мен жабайы құстардың түрлерін (қаз, үйрек) аулауға рұқсат. Аңшылық республика аумағындағы 701 аңшылық шаруашылықта жүргізіледі.