Ақын, әнші, композитор Ақан серінің биыл 180 жылдық мерейтойы. Осыған орай облыстық филармонияда Ақан сері Қорамсаұлы атындағы II Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы басталды. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы әншілер қатысып жатыр.
Бүгін байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар Ақан серінің әндерін: «Құлагер», «Майдақоңыр», «Көкшетаудың биігі», «Шоқтығы биік», «Көкжендет», «Сырымбет» секілді ел арасында танымал әндерін шырқады. Ал бұл кезеңнен өткендер ертең өз қалауы бойынша халық әнін немесе халық композиторларының бір әнін орындайды.
«Жалпы мақсатымыз - Ақан бабамыздың ән мұрасын насихаттап, оны келешек ұрпаққа жеткізу. Жалпы атадан балаға мирас болған сал-серілердің шығармаларын кеңінен таныту. Әрине, жас дарындарды анықтау. II республикалық дәстүрлі әншілер байқауы ертең мәресіне жетпек. Екі кезеңнен де сүрінбей өтіп, топ жарған әншілер марапатталады және қарашаның 24-і күні болатын гала-концертте өнер көрсетеді», - дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжанов.
Байқауға дәстүрлі ән өнерін дамытуға үлесін қосып, сал-серілер дәстүрін жалғастырушы Ербол Айтбаев, өнер майталмандары – Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Дәуренбек Әлкенов қазылық етіп жатыр.