Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, бірнеше қала тұрғыны әлеуметтік желідегі жарнамадан жиһаз құрастыру және жеткізумен айналысатын компания туралы біліп, тапсырыс берген. Алайда ақысын төлегенімен, олар уәде етілген тауарды алмаған. 2025 жылдан бері кәсіпорын міндетін орындамай, берешегінің жалпы сомасы 16 млн теңгеге жуықтаған.
Қазіргі уақытта осы іс бойынша 24 эпизод тіркелген. Полицейлердің айтуынша, зардап шеккен азаматтар бұдан да көп болуы мүмкін, қазір анықтау жұмысы жалғасқан. Бүгінде ЖШС иесі, басқарушысы және бір қызметкері күдікті деп танылды.
— Кәсіпорынның басқарушысы, 35 жастағы әйел клиенттерден төлем қабылдағанымен, олар таңдаған тауарға жеткізушілерден тапсырыс бермеген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтау жалғасқан. Әрбір өтінішке құқықтық баға беріледі, — деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Күдікті ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін келтірілген залал сомасының үш еселенген мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін. Сондай-ақ, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін БҚО-да «Жария» қоғамдық бірлестігіне қатысты алаяқтық бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын жазған едік.