Петропавлда алаяқтық жасаған патрульдік полиция инспекторы сотталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық соты көлік жүргізушісін алдап, оның 50 мың теңге ақшасын иемденбек болған патрульдік полиция батальонының инспекторын соттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық іске қатысты сот отырысы бүгін өтті. Петропавл қалалық сотының мәліметінше, 2021 жылғы 3 қазанда патрульдік полиция батальонының инспекторы С. жол қозғалысы ережелерін бұзды деген сылтаумен көлік жүргізушісін алдап, одан 50 мың теңгесін алмақ болған. Полицей ақшаны алғаннан кейін ұсталды.

Инспектордың кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, жазбаша дәлелдермен дәлелденді.

«Сот үкімімен С. алаяқтыққа оқталғаны үшін кінәлі деп танылды, өйткені алған ақшасын пайдаланып үлгермеген. Сот С.-ның жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, оның асырауында екі жас баланың болуын жазаны жеңілдететін мән-жай деп шешті. Өзі қабылдаған антты бұзуын қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ауырлататын мән-жай деп таныды. Қылмыстың бұл түріне айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал қылмысқа оқталғаны үшін жазаның мерзімі немесе мөлшері аяқталған қылмыс үшін жазаның ¾ - ден аспауы тиіс», - делінген хабарламада.

Сот үкімімен С.-ға ұрланған мүліктің 15 еселенген мөлшерінде - 750 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, С. өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан, сондай-ақ полиция аға лейтенанты арнаулы атағынан айырылды.