«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғындары ұшақтың гуіліне ұқсас қатты дыбысты 5-6 қараша аралығында сағат 17.00 мен 6.00 аралығында естуі мүмкін. Алайда бұған үрейленіп қорқудың қажеті жоқ.
Бұл күндері Петропавлдағы 2-жылу-электр орталығында жоспарланған жұмыс жүргізіледі, яғни жөндеуден өткен № 7 қазандық агрегатында буқыздырғыш құбырлар үрленеді.
Мұндайда әдетте өнеркәсіптік бу қатты дыбыс шығарады, өйткені ол арнайы қондырғы арқылы қатты қысыммен атмосфераға жіберіледі.
Бұл жұмыс мамандардың толық бақылауында жүзеге асырылмақ.
Осыған ұқсас жұмыс бұған дейін Петропавлда 25 қыркүйекте және 16-17 қазан күндері жүргізілген еді.
Бірақ ол жолы энергетиктер бұл жұмыс туралы алдын ала ескертпей, түнгі гуіл тұрғындардың қорқынышын туғызды.
Қатты шудан шошыған тұрғындар ойларын сан-саққа жүгіртіп, әлеуметтік желіде қызу талқыға салды.
Түнгі гуілді жылу-электр орталығындағы кезекті апат деп қабылдағандар да болды.