Петропавлда алдағы жылу беру кезеңіне дайындық қалай жүріп жатыр

Фото: Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу кезінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев алдағы күздегі жылу беру кезеңіне дайындық жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол картасы 5 блокқа бөлінген, ол алдағы жылу беру маусымына ЖЭО-ны уақтылы әрі сапалы дайындауды қамтамасыз етеді. Бірінші блок аясында №1 түтін құбырын бөлшектеу, №2 түтін құбырын күрделі жөндеу және №2 мен №3 түтін құбырын тексеру бойынша іс-шаралар аяқталды. Ал екінші блок бойынша қамтылған жұмыстарда 4, 5 қазандықтарды №2 түтін құбырына және №8 қазандықты №3 түтін құбырына қосу үшін бас корпусты қалпына келтіру, сондай-ақ уақытша газ құбырларын салу жөніндегі жұмыстар аяқталды», - деді А. Сәтқалиев.


Оның айтуынша, жол картасындағы үшінші блок аясында қазандықтар мен жалпы станциялық, қосалқы жабдықтар жөнделді. Сондағы №9 және 11 қазандықты жөндеу биылғы 30 маусымға дейін аяқталады.

Төртінші блок бойынша екі турбоагрегатты күрделі жөндеу аяқталды.

«Бесінші блок аясында 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін №1 түтін құбырын салу жоспарланған. Жаңа құбырғаарналған іргетасты бекіту жұмыстары аяқталуға жақындады. Осыдан кейін мұржаның темірбетон құрылысы салудың екінші кезеңі басталады. Сонымен қатар, инвестициялық келісімге сәйкес №2 қазандықты реконструкциялау жоспарланған», - деді министр.


Бұдан бұрын хабарланғандай, Петропавлдағы ЖЭО-ны жөндеуге 5 млрд теңгеден астам инвестиция салынбақ.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр 20 наурыз күні Петропавлдағы ЖЭО-да үш түтін мұржасының бірі опырылып құлады.

Петропавлдағы ЖЭО-дағы жағдайға қатысты «ОАЭК» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы да түсініктеме берді.