Петропавлда әлеуметтік нысандар жылыту маусымына дайын ба

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шамамен бір айдан кейін жылыту маусымы басталады. Әлеуметтік нысандар қыркүйек айына дейін дайындық құжатын алуы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Петропавлда орталықтандырылған жылыту жүйесіне 185 нысан қосылған, оның 106-сы білім беру ұйымы. Бүгінде 81-і дайындық құжатын алды.

«Облыс орталығындағы 4 мектеп электр қуатымен жылытылса, Жұмысшы кентіндегі №44 мектептің өз қазандығы бар. Нысанға 20 тонна көмір жеткізілді.

33 денсаулық сақтау нысаны болса, соның 30-ы жылыту жүйесін жуып, шайды. Сол сияқты мәдениет саласына қарайтын 29 нысанның 23-і, 15 спорт нысанының 12-сі тиісті жұмысты атқарды», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин.

Әлеуметтік нысандар 1 қыркүйекке дейін жылыту маусымына дайындықтан өтіп, тиісті құжатты алулары тиіс.

«Петропавлдағы көпқабатты үйлердің дайындығы да назарда. Облыс орталығында 1164 көппәтерлі баспана бар, соның 1135-і – орталық жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта 642 үй немесе 57% жылуға қосылуға техникалық жағынан дайын, 80-і дайындық құжатын алды», - дейді Владислав Лукин.