Петропавлда алғаш рет республикалық студенттер форумы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Soltustik Student Forum» республикалық студенттер форумы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған іс-шараға Астана, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Қарағанды қалаларындағы 11 жоғары оқу орнының студенттері қатысып жатыр.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөқз қызметінің хабарлауынша, форумды Kozybayev University ұйымдастырды. Басты мақсат – жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту, студенттердің тәжірибе алмасуына және ортақ бастамаларды жүзеге асыруына жағдай жасау.

Жиында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басым бағыттар, сондай-ақ жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен олардың маңызы талқыланып жатыр.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Панельдік сессияны ашқан Kozybayev University-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі басқарма мүшесі Әділхан Төлепберген форум өңірдегі студенттік қауымдастықты нығайтуға және жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталғанын айтты.

Оның сөзінше, бағдарламада «Толық адам», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Оқитын ұлт» қағидаттарына, сондай-ақ бірлік пен ынтымақ, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарына басымдық берілген.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан форумға онлайн қатысып, елдің алдағы 10-15 жылдағы дамуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты екенін атап өтті. Ол студенттердің қоғамдық белсенділігі мен білімге ұмтылысының маңызын жеткізді.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Форум бағдарламасына «Қазіргі қоғамдағы әйелдер көшбасшылығы», «Жаңа Конституция аясындағы заманауи коммуникациялар» және «Жеке бренд қалыптастырудағы жасанды интеллект» тақырыптарында практикалық сабақтар енгізілген

Сонымен қатар қатысушыларға өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысуға арналған экскурсиялар, зияткерлік ойындар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылған.

Осыған дейін Астанада колледждердің үздік 100 студенті марапатталғаны туралы жаздық.