№19 бастауыш мектеп Петропавлдағы Кирпичный шағын ауданында орналасқан. 1959 жылы салынған нысанның қабырғасы сөгіле бастаған. Лицензиясы бар компания ғимаратты тексеріп, оны апатты жағдайда тұр деп қорытынды шығарды.
Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, зақымдалған жерлерді жөндеу мүмкін емес, кез-келген уақытта төбесі құлап кетуі мүмкін.
Алайда, ата-аналар мектептің жабылуына қарсы, олардың айтуынша, қазіргі уақытта мектептің жабылғандығы жөнінде нақты құжат жоқ. Мектеп – шағын аудандағы жалғыз білім ордасы.
«Қазір бізге телефонмен хабарласып, құжаттарыңызды алып, басқа мектепке беріңіздер деп жатыр. Кейін оқушы саны аз деп жауып тастайды», - дейді шағын аудан тұрғындары.
Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл білім ордасының 44 оқушысы бар. Олар 1-4 сынып оқушылары және дайындық тобының тәрбиеленушілері. Мектепте, меңгерушіні қоса есептегенде 6 педагог бар және техникалық қызмет көрсететін 4 жұмысшы еңбек етеді екен.
«Ата-аналарға жақын маңдағы №4, №23 мектепке балаларын ауыстыру ұсынылды. Мұнда арнайы автобус балаларды тегін апарып-әкеліп тұрады. Бұдан басқа тегін тамақпен қамтылады. Ұсынған мектептерде балаларға жақсы жағдай бар, спорт зал жұмыс істейді. Санитарлық бөлмелер жөндеуден өтті, яғни толық білім стандартына сай.
Бұл мектептер ата-аналардың көңілінен шықпаса, таңдаулары бойынша басқа мектептерге орналастыру мәселесін шешеміз», - дейді СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
Қазіргі уақытта түсіндіру жұмысы жүргізіліп, құжат қабылдау жүріп жатыр.
«Мектептің ұстаздары да жұмыссыз қалмайды, оларға бос орындар ұсынылды. №4, №23 мектепке де жұмыс бар.
Мектеп 1959 жылы салынған. Бұл мектеп талапқа сай келмейді, асханасы, спортзалы жоқ.
Білім ордасының апаттық жағдайда тұрғандығы мамыр айында ата-аналарға айтылып, ескертілді. Балалардың қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдап отырмыз.
Тіпті №4 мектепке сыныбымен, ұстаздарымен толық көшіру мүмкіндігі бар», - дейді Нәзір Жәшібеков.
Ақерке Дәуренбекқызы