Петропавлда кеше кешқұрым басталған боран бүгін қар аралас жаңбырға ұласты. Салдарынан көшелерде көктайғақ.
Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде көшелерді механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
«Таңғы сағат 6:00-ден бастап жолдарға, жаяу жүргінші жолдарына, аялдамаларға құм-тұз қоспасы себілді. Орталық көшелермен қатар қаланың шеткі көшелері де қамтылады. Жұмысқа 40 арнайы техника мен 80-нен астам қызметкер жұмылдырылды. Қажеттілік туындаған жағдайда техниканың саны көбейтіледі», - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Биыл Петропавлда жолдарды, жаяу жүргінші жолдарын, аялдамаларды көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу үшін 2200 куб құм-тұз қоспасы дайындалды.
Қысқы уақытта жолдарды күтіп ұстау ұшін 160-тан астам арнайы техника жұмылдырылатын болады.
Айта кету қажет, құбылмалы ауа-райы өңірде бірнеше күн сақталмақ.
«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, бүгін күндіз Петропавлда 0, -1 градус аралығында болса, түнде -3,-5 градусты көрсетпек. Ертең де қар, жаңбыр жауып, күндіз сынап бағанасы -2 градусқа дейін төмендейді. Ал 1 қарашада күндіз +3 градусқа дейін жылынады. Бұл күн де жауын-шашынды болады деген болжам бар.