Петропавлда аулаға кіретін жолдар жабық тұрса, ПИК төрағалары айыппұл төлейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Тұрғын үйлерге кіреберіс жолдардың болмауы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылық болып саналады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа тас жолдар мен балаларға арналған аулалар пайда болғалы бері қала тұрғындарының көбі аулаларына кіретін жолдарды жауып, тіпті кейбіреулері өз беттерімен шлагбаумдар орнатып алатын болған. Төтенше жағдай болған жағдайда мұндай аулаға не өрт сөндірушілер, не жедел жәрдем кіре алмайды.

«Өрт орын алған жағдайда, құтқарушылардың оқиға орнына жетуі қиынға соғады. Өйткені, олардың қымбат уақыттары басқа өту жолдарын іздеуге кетеді. Былтырғы жылы тұрғындардың осындай өз беттерімен шешім қабылдауы қайғылы оқиғаға душар еткен болатын. Тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, адам қазасына әкелді. Бірнеше ПИК басшылары айыппұл төлеу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар қауіпсіздіктің бәріне, ең алдымен осы жерде тұратын адамдарға керек екендігін түсінуі керек», - деді СҚО ТЖД өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Амангелді Әуесханов.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 414 өрт болып, 58 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. Тілсіз жау 13 адамның өмірін қиып кетті, олардың қатарында 3 бала бар. Өрттің 80 пайызы тұрғын үйлерден шығады.