Петропавлда аулалардан заңсыз қойылған шлагбаумдар мен бетон бөгеттер алынып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Еркін жол жүру» республикалық акциясы аясында Петропавл аулалары арнайы қызметтердің жолын бөгейтін заттардан тазартылып жатыр.

Фото: СҚО ТЖД

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, акцияның басты мақсаты - өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің төтенше жағдайларға жедел әрекет етуін, өрт сөндіру мен құтқару техникасының оқиға орнына кедергісіз жетуін қамтамасыз ету.

Іс-шара аясында аулаларға кіреберіс жолдардың жай-күйі тексеріліп, полиция қызметкерлері мен МИБ төрағаларының қатысуымен профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып жатыр. 

Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Арнайы техниканың еркін қозғалуына кедергі келтіретін заттар жолдан алынады. 

- Төтенше жағдай туралы шақырту түскен сәттен бастап әр минут аса маңызды. Сондықтан құтқару техникасы оқиға орнына неғұрлым тез жетсе, көмекке мұқтаж жандарға да соғұрлым жедел көмек көрсетіледі, – дейді СҚО ТЖД ресми өкілі Марина Самойленко.

Бұған дейін Көкшетауда шақыртуға шыққан өрт сөндіру көлігі апатқа ұшырағанын жазған едік.

Сондай-ақ Павлодарда өртеніп жатқан үйдің терезесінен секірген қыз көз жұмғанын хабарладық