Петропавлда аялдама әйнегін сындырған жігіт 5 тәулікке қамалды
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 21 жастағы тұрғыны мас күйінде қаланың 20 шағынауданындағы аялдама павильонының әйнегін әдейі сындырған.
Бұзақылық жасап, мүлікті бүлдірген жігіт 5 тәулікке қамауға алынды.
Жалпы жыл басынан бері Петропавлда аялдама павильондарын зақымдаудың 6 фактісі тіркелді.
Көп жағдайда бұзақылар көшедегі бейнекамералардың көмегімен анықталып, жазаға тартылады.
«Бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша сараланатын, алайда биылғы 7 наурыздан бастап заңнамаға бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілікті көздейтін жаңа норма қолданысқа енгізілді. Енді ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы, яғни «Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша жауапкершілік 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Ұсақ бұзақылық қайта жасалған жағдайда 15-тен 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады», - дейді Петропавл қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағамбетов.