Петропавлда Азиада алауының аймақтық эстафетасы басталды
Азиада алауы Петропавлға Қостанайдан кеше кешке арнайы ұшақпен жеткізілген болатын. Петропавлдағы аймақтық эстафета екі бағыт бойынша өтеді. Абылай хан ордасынан басталған эстафетаға қатысушылар қаланың орталық көшелерімен, Орталық мешіттің, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратының, Мағжан, Жамбыл, Абай және Пушкин ескерткіштерінің жандарынан жүгіріп өтеді.
Ал түстен кейін алау «Қарасай» стадионымен, одан кейін «Нұр Отан» партиясы филиалының жанымен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жүзу бассейні жанымен, Пушкин көшесімен алып өтіледі. Әрі қарай алау Н.Погодин атындағы облыстық драмалық театрына жеткізіледі, сол жерде гала-концерт өтеді.