Петропавлда балалар емханасының бас дәрігері туыстарын жұмысқа заңсыз орналастырған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - 17 ақпанда ҚР Мемлекетттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басшысының орынбасары - тәртіптік кеңестік төрағасы Әділбек Мұқашевтің төрағалығымен тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

«Прокуратураның ұсынысымен қалалық балалар емханасы бас дәрігеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәртіптік ісі қаралды, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы белгіленген заңнамалардағы шектеулер мен тыйым салуларға қарамастан, өзінің қызмет бабын пайдаланып, жұмысқа қабылдауда біліктілік талаптарына сәйкес емес өзінің туыстарына заңсыз басымдық берген. Істі қарау қорытындысымен сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін оны жұмыстан босату жөнінде ұсынба қабылданды», - делінген хабарламада.

Күн тәртібінде барлығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны және мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін 5 тәртіптік іс қаралды. Екі лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік іс қысқартылды, бір іс жауапкер адамның еңбекке жарамсыздығына байланысты тоқтатылды.