Петропавлда үш жыл бұрын теннис орталығы ашылды. Қазір мұнда 250 адам тенниспен айналысса, соның 170-і бала.
Үлкен теннис – қымбат спорт түрлерінің бірі. Үйірмелердің ең арзаны 6 мың теңгеден басталады. Бірақ мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді.
Енді тенниспен айналысатын жасөспірімдердің қатары арта түспек. Маусым айынан бастап орталықта үлкен теннис үйірмесі балалар үшін тегін болмақ.
«Орталықта 5 жастан 17-ге дейінгі балалар жаттығады. Айына екі рет қалалық турнирлерді өткізіп тұрамыз. Жеңімпаздарды республикалық жарыстарға жіберіп тұрамыз. Биыл Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында турнирлерде болдық. Ол үшін дене шынықтыру және спорт басқармасынан қаражат бөлінген. Қазір балаларды тегін қабылдаймыз. Ол үшін ата-ана бізге хабарласып, өтінім қалдыруы қажет», - дейді теннис орталығының директоры Алик Есімов.
Мәдина Омарова өз жасындағы үздік спортшылардың бірі. Ол республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. 13 жасар жасөспірім спорттың бұл түрімен 7 жылдан бері айналысады.
«Маған спорттың бұл түрі өте ұнайды. Теннис кортына алғаш рет 6 жасымда келген едім. Бүгінгі күнге дейін мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Ресейде өткен жарыстарға қатыстым, жақсы нәтиже көрсеттім. Осы аптаның соңында Алматы қаласына 14 жасқа дейінгі балалар арасында өтетін республикалық турнирге аттанамын», - дейді жас спортшы.
Теннис орталығының 7 корты бар, оның үшеуі ішінде, 4-еуі далада орналасқан. Балалармен Өзбекстаннан арнайы шақыртылған жаттықтырушылар жаттығады.