Петропавлда бау-бақшасы барларға суды есептегіш құралын орнату міндеттелді

Фото: Фото: Pyxabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жеке сектор тұрғындары бау-бақшаны суару үшін енді бөлек есептегіш құралын орнатуы керек.

Бұл туралы «Қызылжар су» ЖШС әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тұрғындарды хабардар етті. 

«Қызылжар су» ЖШС 2024 жылы жасыл желектерді суаруға арналған ауыз суды пайдалануға жазғы су құбырын қосу туралы шарт жеке есептеу құралын орнатқан тұтынушылармен ғана жасалатынын хабарлайды», - делінген жазбада. 

Яғни жеке тұрғын үйде тұратындар бау-бақшасына жазғы суару жүйесін пайдалану үшін есептегіш құрал орнату қажет. 

«Бұған дейін қала тұрғындары үй маңындағы бау-бақшаны суару үшін жазғы суқұбырын қосатын. Кімнің қанша пайдаланып жатқаны есептелген жоқ. Енді суды үнемдеу үшін есептегіш құрал орнатып, келісімшартқа қол қояды. Тек содан соң ғана суды пайадалана алады. Бұл шараны Президенттің таза суды үнемдеу керек деген тапсырмасына орай қолға алдық», – дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Арман Сауытов.

Бұл жаңашылдық әзірге жеке сектор тұрғындарына ғана қатысты. 

Қазір Петропавлда жеке секторда 17 мыңға жуық үй бар. Тұрғындардың басым бөлігі жазғы суқұбырын қосып, әр сотық жер үшін жазда 852 теңге төлеп келді. Есептегіш құралын орнатқаннан кейін судың әр текше метрі үшін 95 теңге төлейтін болады.