Петропавлда бес асық және асық атудан ел чемпионаты өтіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда бес асық және асық ату ұлттық спорт түрлерінен басталған Қазақстан Республикасы чемпионатына 19 команда қатысып жатыр.

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Олардың арасында тек Шығыс Қазақстан облысының ғана спортшылары жоқ. Жалпы бұл жолы жарыс алаңына 100-ден астам спортшы шыққан. Олардың ішінде халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да бар. 

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

- Бұл чемпионат – тек спорттық бәсеке ғана емес, бұл – халқымыздың сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани құндылықтың жалғасы. Асық ойыны – ұлт тәрбиесінің өзегіне айналған, ұлттық сананы қалыптастыратын ерекше мәдени мұра. Бүгінгі іс-шара – салт-дәстүрімізді ұлықтаумен қатар, ұлттық спорт арқылы ел мерейін үстем етіп жүрген саңлақтарымызды таныстыратын күн. Солардың бірі – Сәния Әскер. Ол 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан әйелдер құрамасы сапында өнер көрсетіп, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Асық ату шебері – Камила Сексембай. Былтыр әлем кубогында топ жарды. Міне, осындай тұлғалар – елдің рухын көтеретін, жас буынға бағыт-бағдар беретін лайықты үлгі, - деді Солтүстік Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әділхан Сағындықов.

Бұл жарыста СҚО намысын алты спортшы қорғайды, олар: Кенжехан Әкімжанов, Дамир Сүндетов, Қанат Жахин, Сания Әскер, Сабина Ермағанбет және Камила Сексембай. 

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Чемпионатта СҚО-ның асық атудан аға жаттықтырушысы Ақжан Сұрағановқа «Асық ату спортының қайраткері» медалі табыс етілді.

Бес асық және асық ату ұлттық спорт түрлерінен басталған Қазақстан чемпионаты 13 маусымға дейін жалғасады.

Фото: СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Бұған дейін Қазақстан құрамасы спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында 3 медаль жеңіп алғанын жазған едік.