Петропавлда бесінші қабаттан құлап кеткен 4 жасар бала ауыр халде жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кеткен балаға ота жасалғанымен жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 қараша күні Петропавлдағы Амангелді көшесі бойында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің 5-ші қабатынан 4 жасар бала құлап кетті.

Оқыс оқиға болған жерге құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметінің мамандары бірден жеткен. Ұл бала жедел облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Дәрігерлердің айтуынша, бесінші қабаттан құлаған бүлдіршіннің қол-аяғы сынықтан сау. Алайда баланың бассүйегі сынып, ми жарақатын алған. Медицина қызметкерлері оң болжам жасап отыр.

«Алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілгендіктен, бүлдіршіннің аман қалуы әбден мүмкін. Қазір жағдайы өте ауыр, ес-түссіз жатыр. Кеше ауруханаға әкелісімен бірден басына ота жасадық. Қазір комада, жасанды жолмен тыныс алып жатыр. Баланы шетелге немесе басқа қалаға алып барудың қажеті жоқ. Біздің дәрігерлер қолдан келгенше тиісті шараларды қолданып жатыр», - деді СҚО балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов.