Петропавлда бесінші қабаттан құлаған 4 жасар бүлдіршін жан сақтау бөлімінен шығарылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда көп қабатты үйдің терезесінен құлап, ауыр жарақат алған бүлдіршіннің беті бері қарады.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 жасар бала үш тәулікке жуық жансақтау бөлімінде жатты. Бүгін травматология бөліміне ауыстырылды. 

«Жағдайы жақсарғанымен, әлі де ауыр. Қосарлас жарақат алған, яғни басқа сынықтармен қатар, жабық бас-сүйек жарақаты бар. Миы шайқалып, бірнеше омыртқа сүйегі компрессиялық сынық алды. Оң жақ өкпесі соғылып, пневматоракс анықталды», - дейді ведомствоның баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева. 

Естеріңізге салайық, Петропавлда бес қабатты үйдің терезесінен 4 жасар бүлдіршін құлап кеткен еді. Оқиға 7 маусым күні «Береке» шағын ауданындағы Ибраев көшесінде болған.