Петропавлда биыл 9 жасөспірім арнайы мекемеге оқуға жіберілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Олардың барлығы заң талаптарын бірнеше рет қасақана бұзған.

Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен сенбіге қараған түні полиция қызметкерлері Петропавлда хабар-ошарсыз кеткен 13 жастағы жасөспірімді іздеді. Тәртіп сақшылары баланың таныстарының барлығын тексеріп, ескі ғимараттарды, гараждар орналасқан аумақтарды және адам аз жүретін жерлерді қарады. Нәтижесінде бала туыстарының үйінен табылды.

Фото: СҚО ПД

Жасөспірім бұған дейін де заң талаптарын бұзғаны үшін полицияның есебінде болған. Ол кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сот шешімі бойынша баланы арнаулы білім беру ұйымына жіберу мәселесі қарастырылады. Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында заң талаптарын бұзған, үйден қашқан 9 жасөспірім осындай мекемелерге жіберілген.

Фото: СҚО ПД

Демалыс күндері ювеналдық полиция қызметкерлері «Назар аударыңыз: балалар!» рейдтік іс-шарасын жалғастырды. Полицейлер көңіл көтеру орындарын, компьютерлік клубтарды және жастар жиі баратын басқа да орындарды тексерді. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған отбасыларды аралады.

Фото: СҚО ПД

Жыл басынан бері Петропавлда 20 ерлі-зайыпты ата-ана құқығынан айырылды, 13-інің ата-ана құқығы шектелді. Бұған әдетте ересектердің қоғамға жат мінез-құлқы, алкогольді асыра пайдалануы және кәмелетке толмаған баласына тиісті бақылау жүргізбеуі себеп болады. Бес жағдайда отбасылар түзелу жолына түсіп, ата-ана құқықтарын қалпына келтірді.

Бұған дейін Қазақстанда есірткі қылмысына қатысы бар 69 жасөспірім ұсталғанын жазған едік.