Петропавлда биыл отбасылық-тұрмыстық қылмыс бойынша 21 іс аяқталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны былтырғымен салыстырғанда 13% кеміген. 

Фото: Kazinform

Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қайырбек Баймонкеновтың айтуынша, жасалған 21 қылмыстық істің 17-сі әйелдерге, біреуі кәмелетке толмағанға, 3-еуі ер адамға қатысты.

— Ер адамдарға қатысты қылмыстардың барлығы, әйелдерге қатысты 17 қылмыстың 11-і мас күйде жасалған.

21 қылмыстың түрлеріне келер болсақ, бір кісі өлтіру фактісі, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 5 фактісі, бір денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру және жеңіл зиян келтірудің 3 фактісі, ұрып — соғудың 11 дерегі тіркелді, — дейді Қайырбек Баймонкенов.

Бұдан бөлек 8 айда әкімшілік жауапкершілікке 869 құқықбұзушы тартылды, бұл былтырғымен салыстырғанда 15,3% көп. Профилактикалық есепке 1065 адам қойылып, оның ішінде 872 қорғау ұйғарымы және сотпен 193 ерекше талаптар шығарылған.

— Қорғау нұсқамасын, ерекше талаптарды сақтамағандар бар. Олар жауапқа тартылды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген кезде сот оған психологиялық көмек көрсету жөнінде шаралар белгілеуге құқылы.

Материалдарды сотқа жіберген кезде учаскелік полиция инспекторы жанжалқойға психологиялық көмек белгілеу туралы өтініш жібереді. Жыл басынан бері барлығы 12 құқықбұзушыға психологиялық көмек көрсетілді, — дейді Қайырбек Баймонкенов.

Сондай-ақ, биыл полицияның сенім телефонына 28 әйел консультация алу үшін жүгінген, әңгімелесуден кейін 19 әйел полицияға өтініш жазды, нәтижесінде отбасы шырқын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Мамыр айынан бастап Петропавл қаласы әкімдігінің Отбасын қолдау орталығы ашылды. Қазір мұнда жағдайы қиын 3 отбасы тұрып жатыр, — дейді Қайырбек Баймонкенов.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында екі полиция қызметкері зардап шеккен оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.