Әркім қалтасына қарай көсіледі. Дүкендер мен базарларда эконом, премиум тауарлар да, табысы орта тұтынушыларға негізделген масс-маркет өнім де жетерлік. Көпшілік әрине арзан бағаға барынша сапалы дүние алғысы келеді. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын сауда орындарында баласының керек-жарағын түгендеп сабылған ата-ана көбейген.
Петропавл тұрғыны Анастасия Ресько екі баланың анасы, қызы 5-сыныпқа, кенже ұлы 1-сыныпқа барады. Алдымен баласын киіндірмек.
«Ұлыммен келістім, қымбат сөмке әперемін, оны 4 жыл ұстайсың дедім. Осылайша сөмкені 25 мың теңгеге алдым. Костюм-шалбарына 15 мың теңге жұмсадым. Туфлидің арзанын алдық 4 мың теңгеге. Ауыстыратын екінші аяқ-киімі бар. Спорт костюмін, кроссовки алдым. Қазірдің өзінде 70 мың теңге жұмсадым. Әлі шамамен 15 мың теңгедей жұмсаймын деп ойлаймын. 12 беттік дәптердің ең арзаны 30 теңге, 47 теңгеге де көрдім. Бәрі қымбат», - дейді петропавлдық келіншек.
Петропавлдағы сауда орындарында тауар ұқсас болғанымен, бағасы әртүрлі. Қымбатына ұрынбау үшін жүру керек. Балаларға мамандандырылған «Растишка» дүкенінде, мәселен туфли 3 мың теңгеден басталады. Шалбар мен жейдені 3 мың теңгеден табуға болады. Сөмке 3,5 мың теңгеден басталады екен.
«Баға күнде өсуде, бірақ біз төмен бағаны ұстауға тырысып жатырмыз. Өзімнің үш балам бар. Әсіресе бірнеше оқушысы бар ата-анаға баланы мектепке дайындау қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Сол себепті көп балалы отбасыларға 10% жеңілдік жасадық. Жағдайы жақсы тұрғындарға арналған тауарлар да бар, әркім қалтасына қарайды ғой», - дейді дүкен иесі Әсел Хамитова.
Петропавлда қыздарға арналған жейденің орташа бағасы 5-6 мың теңге, костюм-шалбар – 11 мың, юбка – 5 мың, сарафан – 7 мың, спорт костюмі - 12 мың, аяқ киім 5 мың теңге шамасында. Ұл баланың костюм-шалбарының орташа бағасы - 15 мың теңге, жейде - 5 мың, күрте - 6 мың, шалбар – 6 мың теңге тұрады. Былғары емес туфли негізінен 4-5 мың теңгеден сатылып жатыр.
Кеңсе тауарын арнайы дүкеннен сатып алған тиімді. Кейбірін базарға қарағанда екі есе арзанға алуға болады. Мәселен дүкенде 12 түсті фломастер 550-600 теңге тұрса, базардағы баға 1000 теңгеден жоғары. 12 беттік дәптерді кеңсе тауарын сататын дүкеннен 27 теңгеге табуға болады.