Петропавлда бірнеше климаттық белдеу өсімдіктері тоғысқан дендробақ ашылды
Шағын дендробақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жанынан құрылды. Жалпы аумағы – 0,3 га. Бұрын құрылыс қоқысы жатқан бұл жерге ерекше және сирек кездесетін 50 шақты ағаш отырғызылды.
«Былтыр Назарбаев Университетінің грантын жеңіп алдық. Олар еліміздің университеттеріне кампустарын экологиялық, эстетикалық жағынан жетілдіруге ұсыныс түсіріп, грант ойнатқан еді. Біздің жоғары оқу орны екі грант ұтып алды. Әрқайсысы 800 мың теңге. Оған қосымша өз университетіміз қаржы бөліп, көмектесті.
Біздің ұсынысымыз екіге бөлінді. Бірі университет алаңына әдеттегідей бізде кең қолданылатын қарағай, шырша, шетенді бір жолаққа егуді ұсынды. Ал біз шағын дендропарк құрғымыз келді. Яғни осы өңірде кездесе бермейтін, бірақ климаттың ұқсас болуына орай тез жерсініп кететін ағаш түрлерін отырғызуды мақсат еттік», - дейді жоғары оқу орнының доценті Тимур Зверяченко.
Дендробақ ашу көпшіліктің көңілінен шығып, былтыр жазда жұмыс басталып кетті. Сол үшін арнайы тапсырыспен Солтүстік Америка, Канаданың оңтүстігінен, Альпі ормандарынан бізде өседі деген ерекше ағаштарды әкелінді. Қазір бұл шағын ғана учаскеде бірнеше климаттық белдеу өсімдіктері тоғысқан.
«Дендробақта канадалық Псевдотсуга Мензис ағашы бар. Ол көлемі бойынша секвоядан кейін екінші орында тұр. Бұл өсімдіктің биіктігі 100 метрге дейін барады, ал діңгегінің диаметрі 6 метрге дейін жетеді. Алайда мұндай алып болуы үшін 400-450 жыл керек екен. Үнемі жасыл болып тұратын әдемі ағаш.
Сондай-ақ рододендронға жататын әдемі бұталарды – қызылжидекті, мүкжидекті отырғыздық. Мақсатымыз – бұл ағаш-бұталарды біздің жаққа жерсінтіп, кейін көбейту», - дейді Тимур Зверяченко.
Дендробақтың бір бөлігіне өзімізде өсетін, бірақ құрып кетуге жақын ағаштар да егілген. Соның бірі - қара қандыағаш – өңірде тек бір жерде ғана өседі. Оны, маманның айтуыншав, Сергеев су қоймасының маңынан ғана көруге боладыекен.
«Жұмыс былтыр басталды. Топырағы нашар болды, әрі бұл жерде құрылыс қоқысы жатқан, сондықтан студенттермен бірге учаскені өсімдік егуге әзірледік, тыңайттық, тазарттық. Қазіргі уақытта ағаштар отырғызылды. Сондай-ақ жақында бұл алаңды қоршап, әр ағаш жайында мәлімет беретін тақтайшалар қоймақпыз.
Болашақта бұл дендропаркті біздің оқытушыларымыз бен студенттеріміз өз мақсаттарында пайдалана алады, сирек кездесетін ағаштарды тәжірибе жасауда қолданады. Қалемше алып, көбейтуді де жоспарлап отырмыз. Мәселен жіңішке жапырақты көкжидек мүлде аяздан қорықпайды, қышқыл топырақты жақсы көреді. Сондықтан оны қарағайлардың жанына егуге болады. Неге біздің өңірде бұл ағашты көбейтпеске?!», - дейді университет доценті.
Дендробақ - орман шаруашылығы бойынша білім алып жатқан және агрономия бағыты бойынша оқитын студенттерге жақсы тәжірибе алаңы болды.
«Студенттердің көмегінсіз біз мұндай ауқымды жұмысты атқара алмас едік. Топырақтың нашарлығынан ағаштарды жоспарлағандай бір күнде емес, сегіз күн ішінде ғана отырғызып болдық. Студенттер бұл жұмысты үлкен қызығушылықпен атқарды, сұрақтары да көп болды. Дендропаркты құру кезінде жастарға ағашты дұрыс отырғызу, топырақты дайындау, шұңқыр қандай тереңдікте болуы қажет, отырғызу материалын дұрыс таңдап алу, күтім жасау сияқты білім бердік», - дейді университет оқытушысы.
Жақында университеттің түлегі көмек көрсетіп, өз қаржысына – 200 мың теңгеге ағаш көшеттерін алып бермек. Оны университеттің аумағына отырғызу жоспарланған. Тимур Зверяченконың айтуынша, сәуір айының соңында осылайша акция ұйымдастырып, оны дәстүрлі етпек.
«Біздің тәжірибемізді қаланы көгалдандыруда, саябақтарды түрлендіруде кеңінен қолдануға болады. Қазіргі уақытта Петропавлда негізінен үйеңкі, терек, қайың өседі. Ең жақсы дегенде қарағай мен шыршаны көруге болады. Бұл дұрыс емес. Біздің әр саябақты шетелдегідей дендробаққа айналдыруға болады.
Мәселен, біз университет дендробағына бальзамды самырсын отырғыздық, олар біздің климатта өте жақсы өседі. Бұрынғыдай бір қатарға қарағай, екінші қатарға қайың егу тәжірибесінен бас тарту керек», - дейді Тимур Зверяченко.