Петропавлда биыл 700 үйді сүру көзделіп отыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов халықпен есепті кездесуінде тұрғын үй құрылысына қатысты жоспарлармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы 5 жылдағы цифрларды салыстырудан баспана құрылысының айтарлықтай өскенін көруге болады. Мәселен 2015 жылы жалпы ауданы 140 мың шаршы метр болатын 1 мың пәтер пайдалануға берілсе, былтыр бұл көрсеткіш 3 есе артты, көп қабатты 24 үй тұрғызылды. 12 мың солтүстікқазақстандық 3300 жаңа пәтерде қоныс тойын тойлады.

Тек Петропавлда құрылыс 48 алаңда жүргізілді, биыл олардың саны 56-ға жетпек.

«Тұрғын үй қоры ескі үйлерді бұзу арқылы жаңарып жатыр. Соңғы үш жылда мыңнан астам үй сүрілді, олардың иелері пәтер жағдайларын жақсартты. Биыл 700 жеке үйді бұзуды жоспарладық. Олардың орнында көпқабатты 23 баспана тұрғызылады, бұл – 3,5 мың пәтер. 30 жеке үйдің орнына 300 пәтерлі баспана тұрғызуға болады», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімінің айтуынша, енді жеке үйлері бұзылғандарға тек салынып жатқан жаңа үйлерден ғана пәтер берілетін болады.

Жаңа үйлер «Жас Өркен», «Береке» ықшамаудандарында, Уәлиханов көшесінің бойында тұрғызылып жатыр. Алда «Копай мен «Набережный» шағынаудандарында құрылыс басталмақ.