Петропавлда биыл 98 кәсіпкердің құқығы қорғалып, олардың пайдасына 107 млн теңге қаражат өндіріліп алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл прокуратурасы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқығын дөрекі бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, Петропавлда ҚР міндетті медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін 34 кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тарту мерзімінің өткендігіне қарамастан, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Петропавл қаласы прокуратурасының қадалау актісі бойынша лауазымды тұлғалардың заңсыз қаулылары бұзылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласқаны үшін биыл мемлекеттік органдардың 2 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жыл басынан бері облыс орталығында барлығы 98 кәсіпкердің құқығы қорғалған, олардың пайдасына 107 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды, сомасы 35 млн теңгеге мемлекеттік сатып алулар бұзылды. Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың озбырлығынан және әкімшілік тосқауылдардан қорғау жүктелген.

Қазіргі уақытта Петропавл аумағында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында Петропавл қаласының прокуратурасында мобильдік топ жұмыс істейді. Мобильдік топтың міндеті - бизнес суъектілерінің құқықтарын бұзу фактілері бойынша жедел әрекет ету, құқықтарын қорғау және орнына келтіру, құқықтық көмек көрсету.