Петропавлда биыл да жағымсыз иіс бар

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы жағымсыз иіспен күресу үшін былтыр биотоғанға хлорелла балдырлары салынды. Алайда бұл жоба тек келер жылы ғана нәтиже бере бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктем келіп, күн жылынысымен Петропавлда кеудеңді керіп, кең тыныс ала алмайсың. Ауаға тараған жағымсыз иіс қолқаны қабады. Мамандардың айтуынша, оған қала маңындағы биотоған себеп, кей күндері ауаға тараған күкіртсутектің мөлшері бірнеше есе артып, ол иіс облыс орталығын алып кетеді.

Күлімсі иісті жою үшін «Қызылжар-Су» ЖШС «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС-мен келісімге отырып, былтыр тамыз айында биотоғанға хлорелла микробалдырларын салды. Альголизация нәтижесінде су қоймасы тазартылмақ.

Бұл жоба 3 жылға шақталған, сондықтан тек келер жылы ғана алғашқы нәтижесін бере бастамақ.

«Қызылжар-Су» ЖШС мәліметінше, орталық технология мен оны іске асыруға қажетті қондырғыларды 2023 жылы кәсіпорынның толық қолданысына береді. Былтыр биотоғанға бір миллилитрде тығыздығы 25 млн жасуша болатын 9 мың литр балдыр - Chlorella vulgaris SKO A RKM -0870 құйылды. Кейін тағы 4 млн литр суспензиясы жіберілді.

​Биыл бұл жұмыстар жалғасып, биотоғандағы мұз кетпей тұрып, 19 мың литр хлорелла балдыры жіберілді. Әзірге тиісті норманың тек 30 %-ы ғана салынды.

Естеріңізге салайық, былтыр да Петропавлда ауада жағымсыз иіс тарап, тұрғындар тарапынан шағым көбейген еді.