Петропавлда бұзақылық жасаған төрт бозбала бес жылға сотталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Топтасып бұзақылық жасап, қатарласын ұрып-соққан олардың үшеуі Петропавлдағы колледждерде оқыса, біреуі жұмыссыз.

Фото: Kazinform / ИИ

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қылмыстық іс бойынша өткен сот процесіне Петропавлдағы колледждер мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері онлайн қатысты.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға биыл 25 мамырда №44 орта мектеп маңында болған. Төрт бозбала өздері құралпы бір адамға шабуыл жасап, оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Олар бұрыш баллонын, ағаш таяқ пен үшкір-кескіш затты қолданған.

Сот төрт айыпталушыны да ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы арнайы құралдарды қолданып бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Алайда, ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабына сәйкес тағайындалған жаза шартты деп есептелсін деп қаулы етілді. Үш сотталғанға бір жылға, ал біреуіне бес жылға пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Бұған дейін Ақтауда мектеп оқушылары төбелесіп, бір бала ауруханаға жатқызылғанын жазған едік.