Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 17 тамыз күні таңертең болған. Қабылдауға келген 51 жастағы қала тұрғыны дәрігермен сөйлескен. Әңгіме барысында дау туындаған. Полицияға түскен арызға сәйкес, медицина қызметкерінің ескертуіне ер адам агрессивті жауап беріп, қол көтерген.
Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
– Бұл – өңірде медицина қызметкеріне күш қолдануға қатысты тіркелген екінші жағдай. Маусым айында Шал ақын ауданында жол-көлік оқиғасынан кейін көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкеріне мас ер адам күш қолданған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды, - дейді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Биыл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 380-3-бап енгізілді. Онда медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қорқыту немесе күш қолданғаны үшін жауапкершілік көзделген. Енді медициналық көмек көрсетіп жүрген адамдарға қатысты агрессивті әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Бұған дейін Президент дәрігерді қорғау Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келетінін айтқанын жазған едік.