Петропавлда дауыл ботаникалық бақтың шатырын жұлып әкетті

Фото: Фото: Артур Рязапов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қатты дауыл Петропавл қаласындағы ғасырлық тарихы бар ботаникалық бақтың шатырын жұлып әкетті.

Дауыл салдарынан бақтың қысқы жылыжайының шатыры зақымданып, поликарбонат жабындысы жұлынып кеткен. Зақымданған аумақ шамамен 6 шаршы метр. 

Фото: Артур Рязапов

- Бұл материал 15 жыл бұрын төселген. Соңғы рет жөндеу 2023 жылы жүргізілді. Алайда жұмыс сапасыз орындалды. Бұл туралы айттық, жаздық, ескерттік. Биыл шатырда саңылаулар пайда болып, материал майысып, берік тұрмаған соң, дауылға шыдас бермей жұлынып кетті, – дейді ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов.

Қазір жөндеу жұмыстарын шұғыл атқару мүмкін емес. Облыстық және қалалық әкімдік пен Білім басқармасынан мамандар келгенімен, қатты желден құрылысшылар шатырға көтеріле алмады. Тек тесікті уақытша жабу жолдарын ақылдасты. Бұл жұмыс ауа райы тұрақталған соң жүргізіледі деп жоспарланып отыр. 

Фото: Артур Рязапов

- Қазір бізге 32-лік ұялы поликарбонат қажет. Алайда мұндай материал Қазақстанда өндірілмейді. Бұрын оны Қазан қаласынан алдыртатынбыз, бірақ ол жерде де өндіріс тоқтатылған. Сондықтан арнайы тапсырыспен ғана жасатуымыз керек, – деді мекеме басшысы.

Сондай-ақ ол қысқы бақ ашық алаңқайда орналасқандығын, айналасында желден қорғайтын ағаштар жоқ екенін атап өтті. Соның салдарынан дауылдың әсері күшейген. Бүгінде орталықтандырылған жылу трасса жөнделіп жатқандықтан ерте сөндірілген. Бұрынғы жылдары бақтың өтініші бойынша жылу соңғы болып тоқтатылатын. Қазір мекеме жылу сүйгіш өсімдіктерді аман алып қалу үшін электр калориферлерді пайдаланып отыр. 

Фото: Артур Рязапов

- Бізге күтуге тура келеді, өйткені негізгі тендер өтуі керек. Қазір қалалық әкімдік құрылысшыларды жіберіп, олар тесікті жабады. Өйткені бұлай қалдыруға болмайды, түнде суық, үсік жүреді, - дейді Артур Рязапов.

Ботаникалық бақ қазір Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасының балансында тұр. 

Фото: Артур Рязапов

- Ботаникалық бақ шатырындағы зақымдануды жою үшін тексеру жүргізіліп, «Т.А. Гайсина» ЖК ағымдағы жөндеу жұмысына смета әзірледі. Осы смета негізінде баға ұсынысы тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүргізіледі және алдағы 2 аптада ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады. Шатырдағы зақымдануды жою үшін альпинистер мен арнайы техниканы да тарту қажет болады, - деп жауап берді облыстық Білім басқармасында.

Ботаникалық бақтың шатыры тек тозған емес, конструкция жағынан да ескірген. Соңғы рет жоба-сметалық құжаттама 2016 жылы жасалған екен. Ал 2023 жылы ағымдағы жұмыс жүргізілген. Биыл да дәл сондай жөндеумен шектелмек. 

Фото: Артур Рязапов

Бұған дейін СҚО-да дауыл салдарынан зиратқа барған әйелге ағаш құлап, салдарынан мерт болғанын жазған едік.