Петропавлда Энергетикалық қазандық жабдығын шығаратын өндіріс іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елдің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің есебімен танысу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петропавлда Энергетикалық қазандық жабдығын шығаратын өндірісті іске қосты.

Елордамен тікелей байланысқа шыққан «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» өкілінің айтуынша, жылына 4 мың тонна энергетикалық қазандық жабдықтары дайын өнім болып шығарылатын болады. Жобаны «Қазақстан инжиниринг» компаниясы қаржыландырып отыр.

«Осының арқасында біз қазақстандық қамту үлесін арттырып, экспортқа жол ашамыз. Жаңа кешен қазақстандық энергетикалық кәсіпорындарды толығымен сапалы өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Өндірісті іске қосуға рұқсат етіңіз», - деді ол.

«Рұқсат беремін. Біздің энергетикалық нысандарымыз үшін аса маңызды кәсіпорын. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Зауыттың іске қосылуымен құттықтаймын», - деді Н.Назарбаев өз кезегінде.