Петропавлда Есіл өзенінің суы қауіпті деңгейге жақындап келеді
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны саябырлайтын емес. Өңірлік «Қазгидромет» филиалы мамандарының айтуынша, Есіл өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте 4 см-ге көтеріліп, 1009 см-ге жетті. Ал, су мөлшерінің қауіпті деңгейі - 1050 см.
«Покровка елдімекенінің жанында Есіл өзені бір тәулікте 10 см-ге, Новоникольское маңында 25 см-ге көтерілді. Бұрынғысынша Челябинск-Новосібір автожолының 528-шақырымын және Новоникольское көпірін су басқан. Сергеев гидроторабының су деңгейі 903 см, мөлшері - 819 млн текше метр, бұл - қажетті мөлшерден 126 млн текше метрге артық. Тәулігіне 525 текше метр су жіберіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Синоптиктердің болжамы бойынша, 30 сәуірде облыста қар жауады деп күтілуде. Түнде ауа-райы 0-5, кей жерлерде -8 градусқа дейін суытады.