«Қазгидромет» РМК СҚОФ мәліметінше, бір тәулікте Есіл өзенінің су деңгейі 14 см көтеріліп, қауіпті деңгей – 1050 см асып кетті. Таңертеңгі сағат 8.00 мәлімет бойынша бүгінде 1054 см жеткен.
Үш күн бұрын судың басуына орай «Челябі-Новосібір» бағытындағы халықаралық маңыздағы жолдың 528 км жабылды. Кеше су Заречный кентіндегі Балық тәлімжайына апаратын жолдың үстіне шықты. Бұдан басқа Заречный, Тепличный кенттеріндегі саяжай учаскелерінің 3357-сі су астында қалды.
«Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасынан Түмен облысының шекарасына дейін Есіл өзені су деңгейінің көтерілуіне мониторинг жүргізілуде. 18 елді мекенді су басады деп қауіптенген едік, ол қауіп сейілді. Есіл өзенінің алқабында орналасқан Тепличное, Боголюбово, Семипалатное және Соколовка елді мекендерінің маңында жер үйінділері қойылып, судың жолын бөгедік. Қазір мұндай жұмыстар Петропавл қаласындағы Заречный кентінің шеткері көшелерінде жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Рамиль Камалов.
Мамандардың айтуынша, Есіл өзенінің тасуы бүгін-ертең шарықтау шегіне жетпек.