Петропавлда Есіл өзені таси бастады, жағдай бақылауда
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының бірінші толқыны өтіп жатыр.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуынша, өңірде су тасқынының алғашқы толқыны еріген қар суының жиналуына байланысты өтеді. Биыл Сергеев су қоймасында бөгеттің жотасынан асып-төгілудің максималды көрсеткіші 97 см болды. Былтыр ол 425 см-ге дейін көтерілген еді. Екінші толқын алдағы 10 күн ішінде Ақмола облысынан өңірге жетпек. Болжам бойынша, былтырғы жағдай қайталанбайды.
- Петропавл су қоймасындағы су деңгейі 794 см-ге жетті. 8 сағаттың ішінде 52 см-ге көтерілді. «Учитель-1», «Учитель-2» саяжай қоғамдастықтарынан 19 адам, оның ішінде 4 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Олардың басым көпшілігі туыстарын паналады. Екі адам ғана жатақханаға орналастырылып, тамақпен, қажетті төсек-орынмен қамтылды, - дейді Аслан Ахметжанов.
Маманның айтуынша, жылда 5 мыңға жуық саяжай учаскесі көктемде су астында қалады. Олар «Лесовод», «Учитель-1», «Учитель-2» саяжай қоғамдастықтарында және Заречный кентінің маңында орналасқан. Су келіп жатыр. «Челябі-Новосібір» халықаралық маңызы бар автожолдың 528 км су басуы ықтимал.
Петропавл әкімдігі тасқыннан зардап шеккендерге екі эвакопункт әзірледі. Қажет болған жағдайда тағы бес мектепке зардап шеккендер орналастырылады.
- Өткен аптада әкім саяжай қоғамдастықтарының төрағаларымен кездесіп, оларға барлық жағдайды түсіндірді және жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін көмек туралы хабарлады. Петропавлда 107 саяжай қоғамдастығы бар, 28 мың саяжай учаскесі тіркелген. Оның 7,5 мыңы Есіл өзенінің сағасында орналасқан.
Қазіргі таңда тұрғындардың затын қоюға арналған қойма жұмыс істеп тұр, оның күзеті бар. Қауіпті аймақта орналасқан барлық тұрғындар өз мүліктерін сол жерге жеткізе алады. Сонымен қатар, мүлікті тасымалдау бойынша әкімдік көмек көрсететін болады, - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Қазір облыста аудандық маңызы бар екі жолды су басқан, олар: Шал ақын және Ақжар аудандарында. Бұл учаскелерде мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Соның ішінде полиция қызметкерлері автокөліктердің қауіпсіз өтуі үшін жұмыс істеп жатыр.
Бұған дейін СҚО-да дрондар нақты уақыт режимінде су тасқынын бақылауға алғанын жазған едік.