Петропавлда есірткі жасырып ұсталған 18 жастағы жігіт 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Петропавлда полицейлер синтетикалық есірткі сататын интернет-дүкенде жұмыс істеді деген күдікпен 18 жастағы жігітті ұстады. Оңай ақша таппақ болған жігіттен аса ірі мөлшерде «тұз» табылды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавлда синтетикалық есірткі жасырып, таратты деген күдікпен жас жігітті ұстады. 18 жастағы жігіт футболмен әуестенген, жуырда оқуын тастап кеткен.

Полицейлер оны Я.Гашек көшесінің бойында ұстады. Одан ішінде кристалл тәрізді көгілдір түсті зат бар 19 «зиплок» пакеті салынған екі түйіншек және сарғыш түсті дәл осындай зат салынған 10 пакет тәркіленді. Сондай-ақ тағы 2 «зиплок» пен 3 түтікше алынды. Оны есірткіні қабылдағанда қолданады. Пакеттердің ішінде психотроптық заттардың жұғындысы болған.

Сараптамаға сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 25,15 грамм болатын α-PvP, халық арасында «тұз» атауымен белгілі есірткі болып шықты. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Баптың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

«Жігіттің айтуынша, есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде 3 ай жұмыс істеген. СҚО-да есірткі жасырушылар орташа есеппен 2-3 ай ғана жұмыс істеп үлгереді. Кейін полицияның қолына түседі. Ал есірткі сатушылар оңай ақша тапқысы келіп жүрген немесе бір ғана доза үшін жұмыс істеуге дайын келесі адамды қашықтықтан отырып іздей бастайды», - дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.

Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

 

СҚО полицейлері 9 айдың ішінде есірткі жасырып, таратты деген күдікпен 102 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты, олардың 48-і – 17 мен 25 жас аралығындағылар.

Жыл басынан заңсыз айналымнан 730 келіден астам есірткі тәркіленді, оның 2 кг 287 грамы синтетикалық есірткі.