Петропавлда гашиш сатады деген күдікпен екі Әзірбайжан азаматы ұсталды

ПЕТРОПАВЛ. Қыркүйектің  14-і. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ -    Петропавлда   50 грамдай гашиш  сатты деген күдікпен  Әзірбайжанның екі азаматы  ұсталды.

Солтүстік Қазақстан облысы  ішкі істер  департаментінің баспасөз қызметінен   хабарлағандай,       есірткі  бизнесімен  күрес  жөніндегі басқарманың  қызметкерлері  «Наркопритон»    операциясы  барысында Петропавл  аумағында  гашиш  сатумен   айналысады  деген күдікпен екі ер азаматты  ұстады.

Мамыр айында   тәртіп сақшылары,  Әзірбайжанның екі  азаматы Петропавл  базарларының бірінде көкөніс  сатумен    қатар,  гашиш  сатумен  айналысатындығы  туралы    ақпарат   алады.  Бірқатар  арнайы шаралар  жүргізіледі,   бірақ   оларды айғақпен ұстау мүмкін болмайды. Саудагерлер    тек  өздері білетін,  тексеруден өткен адамдармен  ғана   қарым-қатынас жасайтын   болып шығады.   Дегенмен,     ұзақ   уақыт бойы   жүргізілген  операция  нәтижесін береді.    Арнайы    операцияның барысында  қыркүйектің 8-інде    күдіктілер  «Восход»  жатақханасында    есірткі сату кезінде  ұсталады.

Операция барысында  есірткі үшін берілген  ақша   тәркіленеді.   Сондай-ақ,   салмағы 50 грамнан асатын   гашиш  тәркіленеді.  Ұсталғаннан кейін  күдіктілер    облыстық  наркодиспансерге куәландыруға     жөнелтіледі.   Сараптама  нәтижесі,  олардың  осының алдында есірткі   тұтынғандарын     қуаттады.  Бірақ та, әлгі екеуі   гашиш  сату  фактін  мойындамай,   өздерінің кінәсіз екенін   дәлелдеуге    тырысып бағуда.   Қазір  олар      уақытша оқшаулау абақтысына  жабылды,  есірткі  затының  облысқа жеткізілу арнасын анықтау жұмыстары  жүргізілуде.

Өткен  8 айда Солтүстік Қазақстан облысында есірткімен байланысты 305   қылмыс тіркелген,  313 келіден  астам түрлі есірткі заттары тәркіленген.