Петропавлды көгілдір отынмен қамтып отырған «Горгаз-сервис» ЖШС-і қоғамдық тыңдалым өткізіп, келушілердің назарына жаңа тарифтің жобасын ұсынды. Қазір газдың текше метрі 522 теңге тұрса, монополистер оны 615 теңгеге дейін қымбаттатпақ.
Серіктестік директорының айтуынша, олар бұл қадамға амалсыздан бармақ. Газ өндіретін зауыттар былтыр өз өнімдерін 38 %-ға қымбаттатып жіберген. Көлік шығындары да 10 %-ға артқан. Тарифті көтеру арқылы кәсіпорын бірнеше түйткілді мәселені шешуді жоспарлаған.
«Коммуналдық қызметтер – электр энергиясы мен су тарифтерінің өсуі де кәсіпорын шығындарын көбейтіп жіберді. Сол себепті газ құнын өсіруге мәжбүрміз. Өйтпеген, жағдайда шығынға батамыз. Жөндеу жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отырмыз. Қазір мекеме қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 132 мың теңгені құрайды. Бұл аз, білікті кадрларды ұстап қалу үшін айлықты кемінде 145 мың теңгеге арттыру қажет», - дейді «Горгаз-сервис» ЖШС директоры Олег Иванов.
«Горгаз сервис» ЖШС ұсыныс-тілегі қаралып, кейін нақты бағаны Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті бекітеді.
Жалпы СҚО-да соңғы рет газ 2018 жылы қаңтарда қымбаттаған еді. Ол жолы көгілдір отынның бағасы 6,62 %-ға, яғни бір текше метрі 489-дан 522 теңгеге өсті.