Петропавлда Ислам мәдениеті музейі ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда XIX ғасырда салынған көне мешіттің ғимараты жаңғыртылып, Ислам өркениетіне арналған музей ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1857 жылы салынған ғимарат бұған дейін Киров атындағы зауыт қоймасы ретінде пайдаланылып келген. Тарихи нысан мемлекет меншігіне қайтарылып, күрделі жөндеуден өткен.

«Қасиетті Рамазан айында облыс орталығында ислам мәдениеті мұражайы ашылды. Ашылу рәсіміне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыс жұртшылығы қатыcты.

Бұл өңір мұсылмандары үшін айтулы оқиға. Қаламыздағы 19-шы ғасырда салынған көне мешіт қайта қалпына келді. Реставрация кезінде ғимараттың бастапқы келбетін сақтауға баса мән берілді. Бұл тарихымызға тағзым жасап, рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын белгісі. Рухани орда дәстүрлі ислам тарихы мен мәдениетін насихаттауға елеулі үлес қосатын болады», - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.

Ғимарат зауыттың иелегінде болғанымен Кеңестік кезеңде мұнарасы бұзылмаған жалғыз мешіт ретінде сақталған.

СҚО мемлекеттік архив директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, мешіт туралы деректер Омбы, Орынбор, Уфа архивтерінен алынған.

ХХ ғасырдың басында Петропавлда 9 мешіт болған. Соборлық мешіт құрылысына негізгі қаржыны Мұхаметжан Дәулеткелдиев деген көпес берген екен. Жалпы Петропавлда сол кезде тұрған саудагерлер өз үлестерін қосқан.

Мешіт ғимараты бір қабатты тастан тұрғызылған. Құлшылық үйінің ғимаратында шеңбермен қоршалған және сыртынан шеңбер бойымен тастармен өңделген 8 тікбұрышты терезе бар. Бұл терезелер әлі күнге дейін сақталған. Ал мұнара бүйір жағында орналасқан.

Қазіргі таңда музейге жәдігерлер жиналып жатыр. Мұндағы құнды көне заттардың бірі – 18 ғасырда басылған Құран кітап.