СҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, К.Сафин атындағы республикалық турнир биыл алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылды.
Облыстық бокс мектебінің алдына бір жыл бұрын бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинге мүсін орнатылды. Турнирге арнайы келген қонақтар мен спортшылар жарысты бастамас бұрын осы ескерткішке гүл шоқтарын қойып құрмет көрсетті.
Камиль Сафиннің ғұмыры қысқа болды. Алайда оған берілген осы азғантай уақытта жұлдыздай жарқырай білді. КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1978 жылы өткен Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, 1979 жылғы әлем Кубогінің иегері, КСРО мен АҚШ арасында өткен кездесулердің жеңімпазы, КСРО және КСРО халықтары спартакиаасының чемпионы, КСРО Кубогының 4 дүркін иегері. Сондай-ақ 1977 жылдан 1983 жылға дейін Кеңестер Одағы құрамасының мүшесі болды.
Бұл жолы республикалық турнирге қатысуға 80-нен астам спортшыдан өтініш түсті. Нұр-Сұлтан қаласының және СҚО, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай мен Маңғыстау облыстарының 16-17 жастағы былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда кездеседі.
Жарыстың бірінші күні 52, 56, 60 және 69 келі салмақты 17 жұп қолғап түйістірді. Ал финалдық кездесулер 29 қараша күні өтеді.