Петропавлда қан тамырға бірегей ота жасалды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы кардиологиялық орталықта Мәскеуден келген маман жергілікті дәрігерлермен бірге бітелген қан тамырына дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгізді. Заманауи өнім елімізде алғаш қолданылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәскеулік маман солтүстікқазақстандық кардиологтарға әлемнің 10-нан астам клиникасында үшінші жыл қолданылып келе жатқан өнімді импланттау технологиясын көрсетті. Бүгін аз инвазивті ота облыстың 4 тұрғынына жасалады. Солардың бірі - 68 жастағы әйел.

Операция кезінде науқас есін біліп жатады, жасалу уақыты көп болса бір сағат.

«Қазақстанда алғаш рет дәрілік жабындысы бар коронарлық баллон қолданылып жатыр. Бұл жаңа заманауи өнім, инновациялық зерттеме, жүректің ишемиялық ауруы бар сырқаттарға қолданылады.


Жүректің ишемиялық ауруы қайдан пайда болады ? Қан тамырлардың ішкі қабатында холестериннің жиналып қалуынан ол тарылады, бітеледі. Мұндайда біз әдетте стент қоямыз. Бірақ стентті импланттағаннан кейін ол уақыт өте келе жайылып өсуі немесе тромб пайда болуы мүмкін. Бұл науқастың өмір сүру сапасын нашарлатады. Осындайда біз енді дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды қолдана аламыз», - дейді СҚО көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының рентгенэндоваскулярлық хирургия және сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Тё.


Кардиологтың айтуынша, коронарлық стент қойғаннан кейін науқастардың 10 пайызында рестеноз, яғни қан тамырдың қайта тарылуы немесе бітелуі байқалады. Ал дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгізуден кейін ешқандай асқыну байқалмайды. Яғни сырқат қайтадан ота столына жатпайды.

«Бұл баллондарда стенттерде бар кемшіліктер жоқ. Жергілікті анестезия арқылы қол буынына кішкентай ғана тілік жасалады, ол жерге катетер қойылып, күретамыр арқылы енгізіледі. Баллонды имплантациялағаннан кейін бір минут ішінде дәрілік зат зақымданған тамырдың ішкі қабырғасына өтеді. Бітелген тамыр ашылып, қан ағыны қалпына келеді. Ал баллон қайтып алынады.


Бұл тәсіл қазір бүкіл әлемде қолданылады. Тәжірибе көрсеткендей, коронарлық баллонды диаметрі 2 мм кем қан тамырына да қоюға болады, бұрын тамыр тар болғандықтан стент қоюға келмейтін.

Тағы бір айта кететін жайт, егер бұрын стент қойғаннан кейін науқас қанды сұйылтатын препараттарды бір жыл ішсе, енді тек бір ай ғана қабылдауы керек. Бұл қан кету қатері бар сырқаттарда асқынуды болдырмайды», - дейді Дмитрий Тё.

Жалпы, облыстық кардиологиялық орталықта мамандар қазір жылына 1200 стент қояды. Енді оның бір бөлігін дәрілік жабындысы бар коронарлық баллонды енгізумен алмастырылмақ. Ота МӘМС аясында тегін жасалады.