Петропавлда Кәсіподақтар күні қарсаңында аллеяға шыршалар отырғызылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Кәсіподақтар күні қарсаңында Петропавлдағы кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінің аллеясына 30 түп сібір шыршасы тырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 қазан – Кәсіподақтар күні. Бұл мереке биыл үшінші жыл қатарынан тойланбақ. Биыл да мереке қарсаңында және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Петропавлдағы кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінің аллеясына 30 түп сібір шыршасы отырғызылды. Аллея ҚР Тұңғыш Президенті саябағында орналасқан. Игі шараға кәсіподақ мүшелері, ардагерлер, жергілікті билік өкілдері қатысты. Үш жылда мұнда 100-ге жуық ағаш пайда болды.

Кейін Петропавлдағы Жастар сарайында кәсіподақтардың бастауыш ұйымдарының қатысуымен форум өтті. Мерекеге орай ардагерлер, одақтың белсенді мүшелері – түрлі сала өкілдері марапатталды. Тәуелсіздік мерейтойына орай ҚР кәсіподақтар федерациясы 2021 жылды бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жылы деп жариялады. Осыған орай арнайы байқау ұйымдастырылып, оның жеңімпаздары бүгін марапатқа ие болды.

«Біздің мүшелеріміздің барлығы – станоктың басында тұрған, тақтаның алдында балаларға сабақ түсіндірген, емханада сырқаттарды қабылдаған тағы сол сияқты еңбек адамдары. Біздің мақсатымыз – өмір сүру деңгейін жылдан жылға жақсарту, жұмысшылардың лайықты еңбекақы алып, қорғалуы. Өңірде 65 мың мүшеміз бар. Кәсіподақтар - республикадағы ең үлкен қоғамдық ұйым. 60 мың бастауыш ұйымы болса, соның 1200-і біздің облыста», - дейді СҚО кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев.