Петропавлда «KazRoboSport-2018» халықаралық чемпионаты өтіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Тұңғыш Президент күні қарсаңында Петропавлда «KazRoboSport-2018» халықаралық чемпионатының ақтық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Теннис орталығы және Оқушылар сарайында Қазақстан бойынша өңірлік іріктеу турынан өткен 200-ден аса қатысушы және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдерінің спортшылары екі күн бойы жарысады. Жалпы 16 құрама робоспорттың 6 түрі бойынша сынға түседі. Ол - робот-суммошылар, робофутбол, эстафета, лабиринт сынды түрлерден тұрады. Қатысушылардың жас ерекшелігі 10 және 21 жас аралығында, әр команда 2 топ мүшесінен құралған. Мұнда да классикалық спорттағыдай командалық рух, шапшаңдылық және жұмыстың сапалығы ескеріледі.

«Биылғы чемпионаттың ерекшелігі - негізгі қатысушылардан бөлек мектепке дейінгі білім беру орталығы, атап айтқанда Петропавл қаласының «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиеленушілері бақтарын сынайды және алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жан - құлағының есту кемістігі бар бүлдіршін қатысады, яғни инклюзия әдісін қолданбақпыз. Олар бөлек бағаланатын болады»,- дейді «Казроботикс» федерациясының директоры Айжан Жекеева.

Халықаралық фестиваль қатысушыларының алдында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қазақстанда балаларды жан-жақты дамыту үшін бар жағдай жасалғанын атап өтті.

«Елбасы әрқашанда табиғи ресурстарды емес, білімді меңгерген елдердің болашағы зор деп айтады. Бүгінде елімізде өскелең ұрпақтың заманауи біліммен қамтамасыз етілуіне көп жағдай жасалған. Робоспорт фестивалін IT-технологиялар саласында ғылымның, озық ойлар мен шығармашылықтың дамуына арналған алғашқы баспалдақ деп айтуға болады. Біз робототехника чемпионатының өткізілуін қолдаймыз. Бұл шараның балаларымыздың болашағына қосар үлесі зор. Петропавлда мұндай біріншіліктерді жиі өткізіп тұру керек», - деді Құмар Ақсақалов.

Елімізде робофестиваль 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Былтыр дарынды балалар Ақтөбе қаласында бас қосты. Биыл дәстүрлі чемпионаттың Петропавлда, жаңа оқушылар сарайында өткізілуі кездейсоқ емес. Бұл барлық талаптарға жауап беретiн, әлемдегi озық IТ-технологиямен жабдықталған заманауи нысан. Оқушылар сарайы робототехника, биотехнология, мехатроника және 3D прототиптеудің орталығына айналды. Балалар орталығында қосымша білім берудің соңғы үлгідегі ғылыми жетістіктері жиналған. Оқушылар сарайы заманауи зертханалармен де қамтамасыз етілген.