Петропавлда келіншек 1944 жылғы наганды үйінде заңсыз сақтаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер 29 жастағы әйелдің үйінен заңсыз сақталған наганды тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 29 жастағы тұрғыны 1944 жылы жасалған наган жүйесіндегі револьверді және оның алты патронын үйінде заңсыз сақтап келген. Мұны криминалдық полиция қызметкерлері жедел іс-шара барысында анықтады. Қару тәркіленді.

Сараптама қарудың атысқа жарамдылығын көрсетті.

Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабы бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті түрде келу бұлтартпау шарасы қолданылды. Тәртіп сақшылары осы істің анық-қанығына жету үшін тиісті шараларды қолға алды.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының үшінші бөлігімен атыс қаруын заңсыз сақтап, қолданғандарға (тегіс ұңғылы аңшы қаруын қоспағанда) қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған адамның оны қылмысқа қолданғаны анықталмаған жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылатындығын естеріңізге саламыз», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Мұрат Баукенов.