Петропавлда кене мен масаға қарсы дәрілеу жұмыстары басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында сәуір айында кене шаққан 138 адам дәрігерге көрінген.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің 45-і – 14 жасқа дейінгі бала.
– Кенелердің белсенділік танытатын кезеңі қазан айына дейін жалғасады. Бұл жәндіктер кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы (Лайм ауруы), геморрагиялық қызба және т.б. сияқты көптеген жұқпалы аурудың қоздырғыштары ретінде қауіпті. Ең қауіптілерінің бірі – кене вирустық энцефалиті. Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Аурудың салдарынан адам мүгедек болып қалуы немесе тіл тартпай кетуі мүмкін, - дейді мамандар.
Профилактикалық шаралардың бірі – жұмысы кене энцефалитінің табиғи ошағында болуымен байланысты адамдардың профилактикалық иммундаудан өтуі.
Мемлекеттік тапсырыс аясында сәуір айында Айыртау ауданының Айыртау және Лобаново ауылдарында кенеге қарсы дезинсекциялық іс-шаралар өткізілген, сондай-ақ осы жылдың қыркүйегінде қайта өткізу жоспарланған.
Петропавлда да кенемен ғана емес, масамен де күрес басталып кетті. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 600 га аумақта дезинсекция жүргізіледі.
– Облыс орталығында ауа райына байланысты мердігер жұмысты бастады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған препараттармен дезинсекция жүргізіліп жатыр. Аумақты өңдеу үшін механикалық бүріккіштер қолданылады, бұл өңделетін аумақтарда препараттардың біркелкі таралуын қамтамасыз етеді. Жұмыстар адамдардың көп шоғырланатын орындарында, яғни, қаланың саябақтары мен алаңдарында, орталық көшелерде жүргізіледі. Дезинсекция түнгі уақытта, көшеде адамдар саны аз болған кезде жүргізіледі, - деді бөлімнің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан.
Бұған дейін СҚО-да ауыл баласы әкімдіктен ойын алаңын жөндеп беруді сұрағанын жазған едік.