Петропавлда кезектi ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жәрмеңкесi өттi

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Қызылжар базарына Жамбыл және Аққайың ауданының еңбекқор шаруалары балғын, табиғи таза ауылшаруашылық өнiмдерiн жайып тастаған. Ауыл, селолардан келген әкiмдердiң айтуынша бағасы өзге сауда орындарымен салыстырғанда 15 пайызға төмен. Мысалы, сиыр етiнiң келiсi 850 тг, жылқы етiнiң бiр келiсi 1700 тг, үй тауығы 450 тг тұрады. Сүттiң литрi 110, сары майдың келiсi 950 тг.

Тұрмыс Иманжанов, Благовещенка селосының әкiмi, Жамбыл ауданы:

- Жамбыл ауданына бiр бас сиыр, 4 бас қой, 50 келi тауық етiн әкелдiк. Екi келi картоп тағы бар. Оның барлығының құны 700 мың теңгеге жық.

Таңертеңнен келiп ұзын сонар кезекке тұрғандардың бiрi Қайырболат Шияпов. Ақсақал жұма сайын өтетiн жәрмеңкеге арнайы келiп, ауылдың дәмiн сатып алады. Айтуынша бағасы көңiл көншiтерлiк.

Қайырболат Шияпов, қала тұрғыны:

- Бұрын ауылда тұрдық. Сондықтан жұмасына екi рет келiп сүт қаймақ аламын.

Жәрмеңкенiң басталағанына небары 1 сағат өттi. Бұл уақыт iшiнде сауыншылар әкелген өнiм таусылып та үлгердi. Iрiмшiк, сүт, қаймақ-майды қалалықтар бiрден талан-таражға салды.

Алена Анохина, сатушы, Аққайың ауданы:

- Бiз әр сенбi сайын жәрмеңкеге келемiз. Өзiм 9 сиырдан алған өнiмдерiмдi әкелiп сатамын. Бүгiн 60 литр сүт, 50 литр қаймақ және 30 кг iрiмшiк әкелдiм. Жарты сағатта өтiп кеттi. Осылайша саудамен айналысып жүренiме 10 жыл.

Жалпы осы сенбiде қаланың, Алтын арман, Дәрия, Карона және Қызылжар базарларында өңiрдiң 8 ауданынан келген тұрғындар өнiмдерiн саудалады. Бұл күнi олардың барлығы 5 млн 932 мың теңгенiң тауарын сатқан.

Александр Макеев, Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы:

- Бүгiн сиыр, жылқы, құс, шошқа және қой етi әкелiнген. Сүт және сүт өнiмдерi мен картоп жақсы өтуде. Қазiр Қызылжар базарында 2 бас сиыр етi, 4 бас шошқа, 6 бас қой етi мен бiр бас жылқы әкелiндi.

Жыл басынан облыс орталығында 127 ауылшаруашылық жәрмеңкесi өтiп, 195,5 млн теңгенiң тауары саудаланған, деп хабарлады mtrk.kz.